9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты облыстық интеллектуалдық конкурсын өткізу ЕРЕЖЕСІ
Дата публикации: 23.09.2024 в 15:47
І. Жалпы ережелер
1.1. Осы Ереже 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты облыстық интеллектуалдық конкурсының (бұдан әрі – Конкурс) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық-әдістемелік қызметінің қамтамасыздандырылуын, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін белгілейді.
1.2. Конкурс ұйымдастырушылары Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі – «Дарын» ДпҚББД ШҚҒӘО) болып табылады.
1.3. Конкурстың мақсаты – туған жер тарихына қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін, қоғамдық белсенділігін дамытуға, өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылықты қалыптастыру, өзінің туған өлкесінің тарихын және құндылықтарын мақтаныш сезіммен жеткізуге бағыттау.
1.4. Конкурстың негізгі міндеттері:
– өлкетануға қызығушылық танытқан оқушыларды анықтау;
– туған өлке тарихын зерттеуде танымдық қызығушылығын ынталандыру;
– оқушылардың тарихи өлкетану саласындағы бастамалары мен ізденулерін қолдау;
– туған жеріне, өз қаласына, ауылына деген махаббатын зерделеу арқылы достарына түсіндіру.
ІІ. Конкурсты ұйымдастыру комитеті
2.1. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу үшін ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – Ұйымдастыру комитеті) құрылады.
Ұйымдастыру комитеті:
– Конкурстың дайындығына және өткізілуіне тікелей басшылықты жүзеге асырады;
– Конкурсқа қатысу үшін қажетті материалдар мен өтінімдерді қабылдайды;
– Конкурстың қазылар алқасының құрамын құрады және бекітеді;
– Конкурс шараларының түрлерін, олардың өткізілуін анықтайды;
– Конкурстың қорытындысын талдайды және жалпылайды;
– Конкурстың дайындығын, өткізілуін және қорытындысын БАҚ жариялауды қамтамасыз етеді.
2.2. Конкурстың қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын бағалайды, қорытынды шығарады, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.
2.3. Қазылар алқасы қатысушылар ұсынған материалды келесі критерийлер негізінде бағалайды:
– тақырыптың сапасы және толық ашылуы (жұмыстың номинация мен тақырыпқа сай болуы, мазмұндылығы, зерттеу дәрежесі);
– қорытынды айқындығы, көркемдік шеберлігі, жұмыстың орындалу техникасы және сапасы (ойлау ерекшелігі), автордың жас ерекшелігінің шығармашылық деңгейіне сәйкестігі;
– «Менің шағын Отанымнан шыққан тұлғалар» номинациясы үшін; баяндаудың стилі, онда көрсетілген кешенді түсіну проблемалары, өзіндік көзқарасы, терминологиялық ақпаратты дұрыс пайдалана отырып тақырыптың теориялық және практикалық деңгейде ашылуы, нақты хронология көздеріне сілтемелер, дәйексөздер, тұжырым және қорытынды жасау керек.
ІІІ Конкурс қатысушылары
3.1. Конкурсқа ШҚО білім беру мекемелерінің 9-10 сынып оқушылары қатыса алады.
3.2. Конкурстың жұмыс тілдері қазақ және орыс тілдері болып табылады.
IV. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі
4.1. Конкурс үш кезеңде өтеді:
Бірінші кезең –аудандық (қалалық) кезең ағымдағы жылдың 9 қазанында Астана уақытымен бір мезгілде сағат 10:00-де өткізіледі;
Екінші кезең – облыстық кезең ағымдағы жылдың 16 қазанында;
Үшінші кезең – республикалық кезең ағымдағы жылдың 30 қазаны мен 1 қарашасы аралығында өткізіледі.
Конкурсқа квотаға сәйкес облыстық кезеңнің жеңімпаздары қатысады.
4.2. Конкурсқа қатысу білім беру ұйымдарының басшылары, облыстық мамандандырылған мектеп директорларының қолымен бекітілген сұраныс ағымдағы жылғы 11 қазанға дейін келесі мекен-жайға жіберіледі: Өскемен қ., Абай даңғылы 21, е-mail: vk_daryn@mail.ru.
4.3. Сұранысқа қоса тіркеледі:
1) қатысушылар туралы мәлімет (тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, сыныбы, оқу тілі, қорғайтын тақырыбы, әлеуметтік жағдайы, оқу орны және білім беру ұйымы, үйінің мекен-жайы, дайындаған педагогтың тегі, аты, әкесінің аты, ұялы телефоны);
2) қатысушылардың жеке төлқұжатының немесе тууы туралы куәлігінің көшірмесі.
4.4. Әр аудан/қала, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектептерден қатысатын қатысушылардың сандық құрамы 4 оқушы (9 сыныптан – 2, 10 сыныптан – 2) және 1 үйлестіруші. Қатысушылар 4 номинация бойынша, «Менің шағын Отанымның тарихы» (бейне-репортаж), «Шағын Отанымның символы» (бейне), «Менің шағын Отанымның болашағы» (макет), «Менің шағын Отанымнан шыққан тұлғалар» (эссе) 1 қатысушыдан қатысады. Барлық қатысушылар Қазақстан тарихы сұрақтары бойынша тестілеуден өтеді.
4.5. Конкурсқа қатысу арқылы қатысушы фото/бейне түсірілім мен жеке деректерді өңдеуге рұқсат береді.
V. Конкурсты өткізу шарттары
5.1. Конкурс екі айналымда өтеді:
І айналым – Қазақстан тарихы сұрақтары бойынша тестілеу;
ІІ айналым – 4 номинация бойынша:
– «Менің шағын Отанымның тарихы» номинациясында елді мекеннің тарихын ашып беру (географиялық атауы, құрылу тарихы, негізгі даму кезеңдері, жердің табиғи-климаттық ерекшеліктері, халықтың саны, әлеуметтік-тұрмыстық саладағы кәсіпорындар мен мекемелер туралы ақпарат, т.б.) презентациялау форматында бейне-репортаж;
– « Шағын Отанымның символы» номинациясы бойынша – автордың өзінің кіші отанына деген сүйіспеншілік символы болып табылатын жануарлар, өсімдіктер, адамдар, құбылыстар және т.б. туралы презентация түрінде немесе бейнефильм форматында баяндау. (өз таңдауын бірегейлі негіздеу, дәлелдеу қажет);
– «Менің шағын Отанымның болашағы» номинациясында макетті презентациялау;
– «Менің шағын Отанымнан шыққан тұлғалар» номинациясында – өз елді мекенінен шыққан тұлғалар туралы эссе жазу.
VI. Конкурс материалдарына қойылатын жалпы талаптар
6.1. «Менің шағын Отанымның тарихы», «Шағын Отанымның символдары» номинациялары бойынша бейнематериалдар келесі техникалық талаптарға сай болуы қажет:
1) Рұқсат етілген фото форматы: 1280 x1024;
2) Бейнефильм форматы MPEG-4 немесе AVI бейне форматы (hd720) кем болмауы қажет;
Сөйлеу уақыты 7-10 минуттан аспауы қажет.
6.2 Конкурс қатысушылары ұсынылған жұмыстары бойынша (музыканың, фотосуреттің, мәтіндердің және т.б. заңды пайдалану) авторлық құқықты сақтауға кепілдікті қамтамасыз ету.
6.3. Қатысушылардың жұмыстары авторлық құқықты сақтауға кепілдік бере отырып, Конкурсты насихаттау мақсатында ұйымдастырушылар тарапынан пайдаланылуы мүмкін.
VII. Қорытынды шығару және жеңімпаздарды марапаттау
7.1. Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен марапатталады. Жеңімпаздардың саны қатысушылардың жалпы санының 45 пайызын құрайды. Барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылады.
VIII. Қаржыландыру
8.1. Іс-шараны қаржыландыруды бекітілген сметаға сәйкес «Дарын» ДпҚББД ШҚҒӘ орталығы жүзеге асырады.
8.2. 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты облыстық интеллектуалдық конкурсына қатысушылардың іссапар шығындарын (екі жаққа жол шығыны, тамақтану, тұру) және жетекшілердің іссапар шығыны жіберуші тарап есебінен өтеледі.