Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңін өткізу ережесі
Дата публикации: 26.09.2024 в 9:37
1. Жалпы ереже
1. Осы Ереже жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінің (бұдан әрі – Президенттік олимпиада) ұйымдастырылуын, мақсаты мен міндеттерін, өткізу тәртібі мен қаржыландыруын, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.
2. Олимпиаданы Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі – «Дарын» ШҚ ДпҚББДҒӘО) ұйымдастырады.
3. Президенттік олимпиаданның негізгі мақсаты мен міндеттері:
1) математика, физика, химия, биологиядан дарынды оқушыларды анықтау үшін қажетті жағдай жасау, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдар беруді дамыту;
2) отандық және шетелдік жетекші жоғарғы оқу орындарында білімдерін жалғастыру үшін дарынды оқушыларды дайындау арқылы үздіксіз білім беру идеясын жүзеге асыру;
3) жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге оқушылардың қызығушылығын ынталандыру және теориялық білімдері мен практикалық іскерліктерін тереңдету.
2. Президенттік олимпиаданың өткізу және ұйымдастыру тәртібі
4. Олимпиада «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы бекіткен нұсқаулығының негізінде өткізіледі.
5. Президенттік олимпиада үш кезеңде өткізіледі:
– бірінші (облыстық) кезең 2024 жылдың 8 қазанында сағат 10.00-де (Астана қ. уақыты бойынша);
– екінші (іріктеу) кезең екі турда өткізіледі. Бірінші тур (қашықтықтан) 17 қазанда сағат 10.00-де (Астана қ. уақыты бойынша), екінші тур (шығармашылық, эссе жазу) сол күні сағат 12.00-де (Астана қ. уақыты бойынша) өткізіледі.
– үшінші (қорытынды) кезең – республикалық, ағымдағы жылдың қараша айының ІІІ онкүндігінде Теміртау қ. өткізіледі.
6. Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңіне арналған тапсырмалар жинағын «Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұсынады.
7. Президенттік олимпиаданың әрбір қатысушысы өзі, жеке жауап парағында төрт пәннен: математика, физика, химия және биологиядан тапсырмаларды орындайды.
8. Қатысушылардың сканерленген және аты-жөні жасырылған жұмыстар https://shygysdaryn.ai.kz сайтында орналастырылады. Қатысушылардың шифрланған жұмыстары тексеру үшін қазылар алқасының мүшелеріне беріледі.
9. Олимпиадаға қатысуға өтінім жеке деректерді өңдеуге құқық береді: орындалған тапсырмаларды жинауға, жүйелеуге, сақтауға, аудиожазба мен бейнетүсірілімді жүргізуге және сақтауға, қатысушылардың шифрланған жұмыстарын, олимпиада нәтижелері бар хаттамаларды, Олимпиада өту барысында фото және бейнетүсірілімді жариялауға.
10. Президенттік олимпиаданың ашықтығы мен академиялық адалдығын сақтау үшін оны өткізу процессін онлайн режимінде қадағалау үшін бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету керек.
11. Олимпиада кезінде қатысушыларға Менделеевтің периодтық кестесін («Химия» пәнінен), инженерлік калькуляторды («Математика», «Физика», «Химия» пәндерінен) пайдалануға рұқсат етіледі.
12. Әрбір қатысушыға бірдей жағдаймен қамтамасыз етілген, жеке жұмыс орны берілуі тиіс.
13. Қатысушының нәтижелері төмендегі жағдайлар орын алса жойылуы мүмкін:
– мәлімденген қатысушының орнына Олимпиаданы басқа қатысушы жазса;
– Олимпиада кезінде қатысушы орнынан рұқсатсыз кетсе;
– Олимпиада кезінде қатысушы бөгде адаммен сөйлессе;
– интернет пен әлеуметтік желілерде тапсырмаларды таратса және көшірсе ;
– шпаргалка, тыйым салынған заттарды және құрылғыларды пайдаланса.
14. Жеңімпаздар барлық 4 пәннен жиналған ұпайлар бойынша анықталады.
15. Жұмысты объективті бағалау құқығын қамтамасыз ету мақсатында Президенттік олимпиадаға қатысушылар әр тапсырмаға/тармаққа/бөлімге келіспеу себептерін көрсете отырып, белгілі бір өтініш үлгісін толтырып, апелляцияға беруге құқылы. Апелляция нәтиже жарияланғаннан кейін жүргізіледі.
16. Апелляцияға қазылар алқасының мүшелері және Олимпиадаға қатысушының өзі ғана қатысады.
17. Президенттік Олимпиаданың қашықтық және шығармашылық турына қатысуға облыстық кезең қорытындысы бойынша 20 оқушы анықталады (әр пән бойынша ең жоғарғы ұпай жинаған 5 қатысушы).
3. Қатысушылар
18. Президенттік олимпиадаға бұрын-соңды республикалық, халықаралық пәндік олимпиадаларға қатыспаған жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназия, арнайы мамандандырылған білім беретін мектептердің 11 сынып оқушылары қатыса алады.
19. Аудандық, қалалық іріктеу кезеңінің нәтижесіне сәйкес Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңіне әр аудандық/қалалық білім беру бөлімі, облыстық мамандандырылған мектеп 6 адамнан тұратын команда ұсынады.
20. Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңіне тіркеу мен қатысуға рұқсат аудандық/қалалық білім беру бөлімдерінің, облыстық мамандандырылған мектептердің ұйымдастыру комитетіне жазбаша өтінімінің негізінде жүзеге асады.
21. Өтінімде оқушының аты, жөні, тегі; аудан/қала; мектеп, мекен жайы; оқу тілі; қатысушылардың байланыс деректері, ЖСН, элтрондық поштасы, әлеуметтік статусы, қатысушыны дайындаған мұғалімнің АЖТ көрсетілуі керек.
4. Ұйымдастырушы комитеттің атқаратын қызметі
22. Ұйымдастыру комитетінің қызметі:
1) Президенттік олимпиаданын дайындығы мен өткізу шараларына толығымен басшылық жасау;
2) Президенттік олимпиаданың қазылар құрамын әр пән бойынша бекітеді;
3) Республикалық ғылыми – практикалық «Дарын» орталығына Президенттік олимпиада қорытындысы бойынша ақпарат береді.
23. Қатысушылардың жұмысын тексеру аяқталғанан кейін қорытынды хаттамалар ұйымдастыру комитетінің интернет-ресурсында орналастырылады.
24. Президенттік олимпиаданың қазылар алқасы Төраға мен қазылар алқасының мүшелерінен тұрады. Қазылар алқасының құрамына облыстағы жетекші жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, профессорлары ғылым кандидаттары, доценттері мен оқытушылары, «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ ұстаздары кіреді.
25. Президенттік олимпиаданың қазылар алқасы:
1) олимпиада тапсырмаларын тексереді, оның объективтілігі мен тексерілу сапасына жауап береді;
2) оқушылардың жұмыстарындағы даулы жағдайларды талдайды, қажет болған жағдайда тиісті түзерулер енгізеді;
3) жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындар беру үшін ұйымдастыру комитетіне ұсыныстар береді;
4) қатысушылардың өтініші бойынша апелляция жүргізеді.
5. Қатысушыларды марапаттау
26. Президенттік олимпиададағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер саны Олимпиадаға қатысушылардың жалпы санының 45% құрайды.
27. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификаттар беріледі.
6. Қаржыландыру
28. Олимпиаданы қаржыландыру бекітілген сметаға сәйкес жүзеге асырылады.
29. Президенттік олимпиадаға қатысушылардың іссапар шығындарын (екі жаққа жол шығыны, тамақтану, тұру) және жетекшілердің іссапар шығыны жіберуші тарап есебінен өтеледі.