Жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты республикалық интеллектуалдық конкурсының қорытындысы

Дата публикации: 30.10.2024 в 14:52

2024 жылдың 27-29 қазаны аралығында Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасымен бірлесіп, 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты республикалық интеллектуалдық конкурсын өткізді.

Негізгі мақсаты – туған жер тарихына қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін, қоғамдық белсенділігін дамытуға, өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылықты қалыптастыру, өзінің туған өлкесінің тарихын және құндылықтарын мақтаныш сезіммен жеткізуге бағыттау.

Конкурстың республикалық кезеңіне еліміздің барлық өңірлерінен 90-нан астам 9-10 сынып оқушылары қатысты.

Конкурс 2 кезеңде өткізілді:

1 кезең – Қазақстан тарихы бойынша тестілеу.

2 кезең 4 номинация бойынша.

Республикалық конкурсты өткізу барысында қатысушылар:

– «Менің шағын Отанымның тарихы» бейнерепортаждау форматында өз елді мекенінің тарихын ашып берді;

– «Шағын Отанымның символы» бейне презентациялау арқылы өз елді мекенінің таңдауын және шағын Отанына деген сүйіспеншілік бейнесінің бірегейлігін дәлелдеді;

– «Менің шағын Отанымның болашағы» тақырыбында шығармашылық жұмыстарын (макеттер) қорғады;

– туған өлкенің әдеби мұралары, еңбек еткен және батыр тұлғалары, олардың шағын Отанының дамуына қосқан үлесі туралы эссе жазды.

Қазылар алқасының құрамында ғалымдар, республиканың жоғарғы оқу орындарының оқытушылары болды

Конкурс аясында қатысушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылып, облыстық драма театрында қойылымды тамашалады. Балалардың бір-бірімен танысуын, бірлігін ұйымдастыру мақсатында «Шығыс Қазақстан достық әлемі» атты танысу кеші жүргізілді.

Конкурстың салтанатты жабылуы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өтті.

Жабылу салтанатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Каркулова Айгуль Акимгереевна, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Чернышёва Инесса Александровна және С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Төлеген Мұхтар Адилбекұлы құттықтау сөз сөйледі.

Конкурстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ІІІ дәрежелі дипломдарымен дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10 сынып оқушылары Амангелдыева Аделя мен Төкен Аяжан марапатталды.

 «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамотасы Күршім ауданы, Н. Островский атындағы №4 Күршім орта мектебінің 9 сынып оқушысы Айқын Бауыржановқа табысталды.

Конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаймыз! Табыс пен жаңа жеңістер тілейміз!