Жалпы білім беретін ұйымдардың 8-10 сынып оқушылары арасында Қабдеш Жұмаділовтың шығармашылығына арналған «Сұлу сөз, көркем ойдың кемеңгері» атты аймақтық байқауының ЕРЕЖЕСІ
Дата публикации: 29.08.2024 в 11:19
І. Жалпы ереже
1. Осы ереже жалпы білім беретін ұйымдары оқушыларының арасында өткізілетін «Сұлу сөз, көркем ойдың кемеңгері» атты аймақтық байқауының (бұдан әрі – Байқау) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қызметін, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.
2. Байқаудың ұйымдастырушылары Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы, Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы.
3. Байқаудың негізгі мақсаты жазушының өмірі мен шығармашылығы, әдебиет әлеміне қосқан рухани мол мұрасын зерттеу, ел арасынан әдебиетке бейім, дарынды жастарды айқындау, оларға қолдау көрсету, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру.
ІІ. Байқаудың ұйымдастыру комитеті
4. Байқауды ұйымдастыру және өткізу үшін ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – Ұйымдастыру комитеті) құрылады.
Ұйымдастыру комитеті:
– Байқаудың жалпы өткізілу тәртібін анықтайды;
– тікелей басшылықты жүзеге асырады;
– Байқауға қатысу үшін өтінімдерді және қажетті материалдарды қабылдайды;
– Байқаудың қазылар алқасының құрамын бекітеді;
– Байқаудың жұмыстарын бағалайтын критерийлерді анықтайды;
– талдайды және қорытындылайды.
Қазылар алқасы байқаудың жұмыстарын бағалайды, қорытынды шығарады, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.
Қазылар алқасы ұсынылған материалдарды бағалауды критерийлер негізінде жүзеге асырады.
ІІІ. Байқаудың қатысушылары
5. Байқау Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының облыстық мамандандырылған мектептері мен жалпы білім беретін мектептерінің 8-10 сыныптары оқушыларының арасында 2024 жылдың қыркүйектің екінші онкүндігінде өткізіледі (өтетін орны, мерзімі, уақыты қосымша хабарланады).
Әр ауданнан (қаладан), облыстық мамандандырылған мектептен байқауға қатысу квоталарға сәйкес жүзеге асырылады (қосымша 1).
ІV. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
6. Байқау ұлтымыздың көрнекті қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы
Қ. Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылығы, еңбегі жөніндегі материалдарды қамтиды.
7. Байқау 3 кезеңде өткізіледі:
– Бірінші кезең – білім беру мекемелерінде мектепішілік іріктеу (сәуір).
– Екінші кезең – аудандық/қалалық (мамыр).
– Үшінші кезең – облыстық (тамыз).
Байқаудың үшінші кезеңіне екінші кезеңнің жеңімпаздары қатысады.
8. Байқауға қатысу туралы білім беру ұйымдарының басшылары, мамандандырылған мектеп директорларының қолымен бекітілген сұраныс (қосымша 2) 2024 жылғы 14 қыркүйеккке дейін келесі мекен-жайға жіберіледі: Өскемен қаласы, Абай даңғылы 21, «Дарын» ШҚДпҚББДҒӘО, тел. 8 (7232) 75-26-91, е-mail: texno_otdel@mail.ru.
9. Әр аудан/қала, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерден қатысатын командалардың сандық құрамы 3 адам (8, 9, 10 сынып оқушылары) және 1 жетекші.
Команданың жеке құрамы бүкіл Байқау бойы өзгермейді. Бір оқушы екі номинацияға да қатысады.
Өткен жылдардағы аймақтық кезеңде жүлдегер болған оқушылар биылғы жылдағы байқауға қатыса алмайды.
V. Байқауды өткізу шарттары
10. Байқау екі номинация бойынша өткізіледі:
І. «Тарих тудырған талант» номинациясы – Қазақстанның халық жазушысы Қ. Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылығы бойынша эссе жазады.
Эссені бағалау критериийлері:
– Тақырыптың толық ашылуы – 10 ұпай;
– Мағыналық тұтастығы, тіл шеберлігі – 10 ұпай;
– Дәлелдерді сауатты тұжырымдай білуі, өзіндік көзқарасы нақты, қаралатын мәселеден ауытқымайды және өзі жеке баға бере алады – 10 ұпай;
– Эссенің жазылу стилі – 10 ұпай;
– Грамматика, пунктуация ерекшеліктеріне сәйкестігі – 10 ұпай;
Эсседен қатысушы 50 ұпайға дейін жинай алады.
2. «Қ. Жұмаділов – қазақтың көркем сөзіне, әсіресе тарихи жанрына елеулі үлес қосқан жазушы» атты номинациясы бойынша қатысушылар «Соңғы көш» романынан 700 сөзден құралған үзіндіні жатқа оқиды, алынған үзінді 1 бөлімнің немесе 1 тараудың қысқаша мазмұнын қамту керек.
Жатқа үзінді оқу номинациясы бойынша қазылар алқасы келесі критерийлерді ескере отырып, 50 ұпайлық жүйе бойынша бағалайды:
– Үзінді мазмұнының бөлімге немесе тарауға сай толық ашылуы – 10 ұпай;
– Тілдің орфоэпиялық заңдылықтарын сақтауы – 10 ұпай;
– Мәнерлеп оқуы – 10 ұпай;
– Сахнада өзін-өзі ұстауы, сахнаға бейімділігі – 10 ұпай;
– Орындаудың уақыт шегін сақтауы (7 минуттан артық емес) – 10 ұпай.
Ескерту: «Соңғы көш» романынан алынған үзінді «Мерей» баспасынан алынуы керек.
VІ. Қорытынды шығару және жеңімпаздарды марапаттау
11. Байқаудың жеңімпаздары екі номинацияның қорытындысы бойынша анықталып, дипломдармен және демеушілердің бағалы сыйлықтарымен марапатталады.
Байқаудың барлық қатысушыларына сертификат беріледі.
Жеңімпаздарды қазылар алқасының мүшелері анықтайды. Қазылар алқасы құрамына қоғам қайраткерлері, Шығыс Қазақстан облысындағы ЖОО-ның оқытушылары кіреді.
VІІ. Қаржыландыру
7. Байқауды қаржыландыруды бекітілген сметаға сәйкес ДпҚББДШҚҒӘ «Дарын» орталығы жүзеге асырады. Байқауға қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығындары (барып – келу жолы) жіберуші жақ есебінен төленеді.